Ескі Парламент мұндай бейбастақ қозғалысқа тоқтау салатын заңды қабылдады, бірақ тыйым 25 тамызда күшіне енбек. Бұл жаңа көліктерді жөнге келтіретін тағы қандай өзгерістер қолға алынбақ?Соңғы VIII шақырылымдағы Парламент ахуалды түзетуді қарастыратын заңды үш жылдай бұрын қабылдаған-тын. Алайда онда депутаттар электросамокаттарға жаяу жүргіншілер жолдарымен ары қарай қозғалуына рұқсат етті, тек жылдамдығын сағатына 6 шақырыммен шектеді. Өздігінен айдайтын бұл көлік түрін тротуарлардан толық аластау туралы қоғамның пікірі елеусіз қалды. Заңдағы жылдамдық шектеуін күнделікті өмірде сақтап жүрген самокатшыны кездестіру қиын еді. Жылдамдықты бақылау да, жауапкершілік те іс жүзінде әлсіз болды. Соның салдарынан талап бар болғанымен, қауіпсіздік мәселесі шешілмеді. Сөйтіп, қоғам күткен нәтиже тағы да кейінге шегерілді. Қалаулылардың кикшерингтік компанияларға қатысты мұндай «көңілжықпастығын» кейін Мемлекет басшысы қатаң сынға алды. 2025 жылғы 8 қыркүйектегі соңғы Жолдауында ол әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін, көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажетін атап өте келе, самокаттардың жаяу жүргіншілер өміріне қауіп төндіретінін ескертті.– Сондықтан электросамокаттарға баса назар аударған жөн! Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. 2 жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруі кезіндегі шектеуге қатысты заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр. Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат! Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар, – деді Қ.Тоқаев. Президенттің сын-ескертпесінен кейін қос палаталы Парламент сөзбұйдаға салуын тыйып, қолданыстағы құқықбұзушылық профилактикасы туралы заңға арналған, бірақ тасада қалып, «сүрлене» бастаған жаңа түзетулерді ақыры қабылдап кетті. Жаңа қағидалар не дейді?Жаңа заң негізінде республикада 2026 жылғы 1 шілдеде электросамокаттарды пайдаланушыларға арналған жаңа қағидалар күшіне енді. Оның кейбір талабы тек келесі айда қолданыла бастайды. Ішкі істер министрлігі жаңа ережелер бойынша ресми түсініктеме берді. Ведомствоның пайымдауынша, жаңа талаптар бірінші кезекте жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. – Біріншіден, бүгінде әрбір жалға берілетін электросамокатқа тіркеу нөмірі тағылады. Осының арқасында бейнекамералар Жол жүрісі қағидаларын бұзу жағдайларын тіркеп, ереже бұзған самокатты анықтай алады. Екіншіден, пайдаланушылар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру енгізіледі. Тиісінше, жол-көлік оқиғасы бола қалса, зардап шегуші тарапқа келтірілген залал сақтандыру компаниялары есебінен өтелуі мүмкін, – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.Үшіншіден, бұл көлікті жалға беретін ұйымдардың жауапкершілігі арттырылды. Кикшеринг компаниялары пайдаланушылардың иығына жүктей салмай, төл электросамокаттарының техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, олардың жүріс кезіндегі жылдамдығын, сондай-ақ орналасқан жерін бақылауға, тиісті аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, бейберекет тасталуының алдын алуға, самокаттардың есебін жүргізуге және қажетті деректерді ішкі істер органдарына жедел беруге міндетті.Төртіншіден, жаңа талап бойынша бұдан былай пайдаланушыда жүргізуші куәлігінің жоқтығы анықталса, мәселен, онымен балалар зулап жүрсе, онда сервис электросамокаттың қозғалу мүмкіндігін бұғаттап тастайтын болады. Бесіншіден, электросамокаттармен велосипед жолдары немесе велосипед жолақтары бойымен, ал олар болмаған жағдайда – жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат. Тротуармен жүргенде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы қажет. Бірақ ІІМ соңғы норма бұл күйде тек келесі айдың соңына дейін күшінде болатынын еске салды. – Себебі 25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне қойылған тыйым күшіне енеді! Сонымен қатар автожолдың жүру бөлігімен қозғалуға тек 18 жастан асқан, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі мен қорғаныш шлемі бар тұлғаларға ғана рұқсат етілетінін атап өтеміз. Электросамокатпен жолаушыларды немесе жүкті тасуға, жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге, сондай-ақ тәуліктің қараңғы кезеңінде жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік әрқайсымызға байланысты, – деді Мұрат Қабденов. Демек, енді тамақ, азық-түлік тауарларын және басқасын таситын курьерлердің электросамокаттарды пайдалануына тыйым салынып отыр. Сондай-ақ самокаттарға екі, тіпті үш адам мінгесіп жүруіне рұқсат жоқ. Ондай тәртіпсіздік жасағандарды полиция тоқтатып, айыппұл салатын болады. Заң қатайды, себеп салмақтыБұл құқықбұзушылықтар биыл да өршіп тұр. 2026 жылдың бірінші жартысында электросамокаттардың қатысуымен 36 жол апаты тіркеліп үлгерді. Тіркелмегені қанша? Онда 42 адам зардап шекті. Оның 17-сі – бала. Мамандар 2026 жылы осы көлік түріне қатысты тіркелген негізгі қауіптерді 6 бағытқа бөледі: апаттылық пен жарақаттанудың жоғары деңгейі, көше-аулаларда электросамокаттардың бейберекет тасталуы, тротуарларда жаяу жүргіншілермен арадағы кикілжіңдер, арнайы велосипед жолының аздығы, құқықбұзушыларды анықтау мен бақылаудың күрделілігі, пайдаланушылар арасындағы жүргізушілік мәдениеттің нашарлығы. Жол-көлік оқиғаларының ең көп таралған себебі маневр жасау қағидаларын сақтамау болып отыр: 2024 жылы – 17 жағдай, 2025 жылы – 38 жағдай. Екінші орында жаяу жүргіншілерге жол бермеу, әдейі қағып кету тұр. Мұның сыртында жол белгілері талаптарын бұзу, жылдамдықты асыру жиі кездеседі. Самокат жүргізушілері жаяу жүргіншілерге қауіп төндіріп қана қоймай, өзі де жол қозғалысының ең бір осал қатысушысына айналып кетті. Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтердің болмауы, жаяу жүргіншілер өткелінен жаяулап өтпей, зымырап өтуі сияқты салғырттықтар қайғылы жағдайларға соқтырады. Бас прокуратураның бейінді комитетінің мәліметінше, өткен бір жылда елде автокөліктердің электросамокат жүргізушілерін басып кетуінің 210 жағдайы тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі есе көп! Осындай жол апаты кесірінен 232 адам зардап шекті. Мертіккендер, жараланғандар арасында 101-і кәмелетке толмаған бала болды. 2 адам қаза тапты. Жағдай биыл одан сайын өрши түсті: 2026 жылдың бірінші жартысында 123 самокатшы автокөліктің астына түсіп қалды (былтырғы жартыжылдықта – 92). Зардап шеккендер саны 129-ға дейін өсті (104). Оның ішінде балалар саны – 53 (46). Мұнда негізгі жауапкершілік автокөлік жүргізушілеріне де қатысты болып тұр. Тіркелген апаттардан бөлек, күнделікті тәртіпбұзушылықтар өте көп. Тек Астананың өзінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында полиция электросамокат жүргізушілері жасаған 1,2 мыңнан астам ереже бұзу фактісін анықтаған.Сонымен қатар самокаттардың тротуардың қақ ортасында, аялдамаларда, тұрғын үй аулаларында бейберекет қалдырылуы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, бала арбасын сүйреткен ата-аналарға кедергі келтіреді. Заң бойынша кикшерингтік компаниялар самокаттардың арнайы орындарда тұруын бақылауға тиіс. Бұл талапты бұзғаны үшін енді орта бизнес субъектілеріне – 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге), қайталанған жағдайда 40 АЕК (173 000 теңге) айыппұл қарастырылған.Электросамокаттарға қоғамдық көлікте де шектеу қойылды. Алматы метрополитені мен Астанадағы LRT жүйесі электрлі велосипед, электросамокат, монодөңгелек пен гироскутерлерді тасымалдауға тыйым салды. «Литий-ионды аккумуляторлар жоғары температурада немесе зақымданғанда қызып кетуі немесе өртену қаупін төндіруі мүмкін. Соған байланысты жабық қоғамдық кеңістікте мұндай құралдарды тасымалдауға тыйым салынды», – деп түсіндірді Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі.Электросамокат – заманның жаңалығы. Бірақ кез келген жаңалық қоғамдық қауіпсіздік қағидатымен үйлескенде ғана өркениеттің белгісіне айналады. Бүгінгі Қазақстан осы өткелдің дәл ортасында тұр. Бір жағында – уақытты үнемдейтін, қалалық мобильділікті арттыратын жаңа көлік. Екінші жағында – адам өмірі, балалардың қауіпсіздігі, жаяу жүргіншінің құқығы. Заңның қатайғаны техниканың өзіне қарсы күрес емес. Бұл – жауапсыздыққа қарсы қойылған құқықтық тосқауыл. Өйткені жол мәдениеті тек жол белгілерінен басталмайды. Ол адамның өзгенің өміріне деген құрметінен басталады.Айхан ШӘРІП